Жаңалықтар

Түркі дүниесінің журналистері Түркі әлемінің мәдени астанасында бас қосты

628

Бүгін Түркістан қаласында Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты алғашқы Халықаралық журналистер форумы өтті.

Алқалы жиынға халықаралық ұйым басшылары, Әзербайжан, Бельгия, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Түркиядан келген және қазақстандық беделді бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері мен танымал журналистер, сонымен бірге мәдениет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің модераторлығымен өткен Форумның ашылу салтанатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, аталған форум «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында өткізілетін іс-шаралардың ішіндегі маңызды жиынның бірі екендігін айтты. Ол сондай-ақ, ортақ ақпараттық кеңістік мәселелерін талқылайтын форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

әкім.jpg

Бұдан бөлек, TWESCO басшысы жиынға қатысушыларға түркі жұртының қарымды журналистерінің басын қосқан Медиа форумға үлкен қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың арнайы Құттықтау хатын оқып берді. 

форум.jpg

Халықаралық форум өзара ақпарат алмасу мәселесі мен түркі елдеріне ортақ телеарна құру тақырыптарына арналған екі панельді отырыста өтті.  

Әзербайжан баспасөз одағының Басқарма мүшесі, «Şark» газетінің Бас редакторы Акиф Ашырлы Валиев, өзбекстандық «Түркістан пресс» ақпарат агенттігінің Бас редакторы Улуғбек Асроров, республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп, түркиялық Anadolu Ajansı мемлекеттік ақпарат агенттігінің Бас редакторы Фарук Токат, қырғызстандық «Кыргыз туусу» басты ресми газетінің жауапты хатшысы Назарбек Байжигитов пен түркиялық «Yeniçağ» газетінің сарапшысы Күршад Зорлу Түркі әлеміне ортақ ақпарат алмасу тақырыбына арналған алғашқы отырыста баяндамалар жасады. Д.Қыдырәлі жүргізіп отырған бұл сессияда қатысушылар ақпараттық саясатымыз бір болмайынша түркі интеграциясы толық болмайтыны жөнінде өзара пікір алмасты. 

Түркі кеңесінің жоба жетекшісі Джейхун Шахвердиев, «TRT-Avaz» телеарнасының директоры Мұрат Аккоч, бас кеңсесі Брюссель қаласында орналасқан «EURELIZ» Медиа және стратегиялық коммуникациялар компаниясының директоры, журналист Эли Хаджиева, қырғызстандық «Kabar» Ұлттық ақпарат агенттігі директорының орынбасары Тынчтык Карымшаков, түркиялық «NTV» телеарнасының бағдарлама редакторы Ахмет Йешильтепе мен тәуелсіз блогер Айдос Сарымның қатысуымен өткен екінші сессияға «Хабар» Агенттігі» төрайымының орынбасары Ринат Кертаев модераторлық етті. Екінші отырыстың қатысушылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы Бодрум Саммитінде ұсынған түркі дүниесінің ортақ телеарнасын құру мәселесін жан-жақты талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.

Сонымен қатар Форум аясында TWESCO басшысы Халықаралық Түркі академиясы жанынан еліміздегі рухани жаңғыруды, жаңа бастамалар мен табысты тәжірибелерді насихаттайтын «Қазақстан Достар клубын» құруды ұсынды. 

Бұдан бөлек, іргелі шара барысында Түркі әлемін бір-біріне және әлем жұртшылығына насихаттауға сіңірген еңбегін марапаттау және ынталандыру мақсатында тағайындалған Академияның Исмаил Гаспыралы атындағы халықаралық Медиа сыйлығының алғашқы иегерлері марапатталды.  

форум зал.jpg

Айта кету керек, Форум ұйымдастырушылары шетелдік қатысушы-журналистерге арнайы мәдени бағдарлама ұйымдастырып, Оңтүстік Қазақстандағы тарихи, мәдени орындарға экскурсия жасады.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы