Жаңалықтар

“Turkic Weekly” е-бюллетенінің 100-ші нөмірі жарық көрді

2159

Құрметті оқырман қауым! Назарларыңызға “Turkic Weekly” апталығының 100-ші шығарылымын ұсынамыз. Біз бұл ақпараттық дайджесті 2015 жылдың 1-ші қарашасынан бастап 100 апта бойы, әр апта сайын жаздық. Осы уақыт аралығында “Turkic Weekly” Түркі әлеміндегі ең айтулы оқиғалардың ізін суытпай сараптамалар ұсынып отырды.

Атап айтқанда, осы аралықта Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстанда президенттік сайлаулар өткізілді. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияда парламенттік сайлаулар болды.

Осы жылдар арасында Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланды. Осы ретте, 2018 жылдың қаңтар айында Қазақстан БҰҰ ҚК төрағасы ретінде бірқатар іс-шаралар өткізді. Сонымен қатар, 2017 жылдың жазында Қазақстанның бас қаласы – Астанада баламалы энергия көздеріне арналған «Экспо-2017» халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа тарихи сапармен барып, әлем қауымдастығы назарын кезекті рет ядролық қарусыздандыру мәселесіне аударды.  

Апталық шыға бастаған уақытта Түркияда да бірқатар саяси өзгерістер болды. Жалпыұлттық референдум өтіп, мемлекеттің премьер-министрі ауысты: А.Давутоғлуның орнына Б.Йылдырым келді. 2016 жылы Анкара еуропалық әріптестерімен бірге Еуропадағы көші-қон дағдарысын реттеуге атсалысты. Түрік дипломаттары мен әскери қызметкерлері Сириядағы ахуалды реттеуге тікелей қатысып, осы жылдың басында Анкара Сирияның Африн аймағында «Зәйтүн бұтағы» деп аталатын әскери операцияны бастады.

Біздің апталық дайджестіміз жарияланғалы бері Әзербайжан Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер Альянсының Жаһандық Форумын табысты өткізді. Әзербайжан билігі өз әріптестерімен бірлесіп «Баку-Тбилиси-Карс» стратегиялық теміржол желісін ашты.  

Өзбекстанда билік басына жаңадан сайланған президент Шавкат Мирзиеев келді. Ресми Ташкент сыртқы саясат пен экономикалық саясатты бұрынғыдан ашық жүргізе бастады. Бұл әсіресе, өзбек көшбасшысының Қазақстанға, Түрікменстанға, Қырғызстанға, Ресейге, АҚШ-қа және Қытайға мемлекеттік сапарлары барысында айқын көрініс тапты.

Көршілес Қырғызстанда да билік өзгерді, осылайша Соронбай Жээнбеков президенттік сайлаудан кейін елдің жаңа көшбасшысы болып сайланды. Ресми Бішкек “Turkic Weekly” шыққан кезеңде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын сәтті өткізді. Қырғызстан билігі табысты келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде Өзбекстанмен шекара мәселесін реттеуде айтарлықтай прогреске қол жеткізді.

Түрікменстанда аталған мерзім аралығында ірі кадрлық ауыс-түйістер болды. Ашхабадта жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимараттағы V Азия ойындары өткізілді. Түрікмен билігі екі ірі жобаны: Түрікменстан-Қытай газ құбырының 4-ші тармағын салуды жүзеге асырды, сондай-ақ ауқымды TAPI жобасын іске қосты.

Бұлардан бөлек, “Turkic Weekly” арқылы біз әлемдегі ең өзекті оқиғалар туралы ақпаратты дер кезінде ұсынуға тырыстық. Ресей, Қытай, АҚШ, Иран, Еуроодақ елдері және мұсылман әлемінде орын алған түрлі саяси процесстер жөнінде дайджестімізде кеңінен талдадық.

Осы жылдар ішінде Түркі әлемінің мәдени астанасы үш мәрте өзгерді: алдымен Түрікменстанның Марысынан Әзербайжанның Шекиіне ауысса, кейін Қазақстанның Түркістан шаһары мәдени астана деп жарияланды. Биыл бұл мәртебе Түркияның Кастамону қаласына берілді.

Сонымен бірге, “Turkic Weekly” жариялана бастағалы Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) барлық түркітілдес мемлекеттер арасында мәдени, гуманитарлық және ғылыми байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірқатар іргелі іс-шаралар өткізді, халықаралық байланыстарын кеңейтті.

Қорыта келе айтарымыз, TWESCO Түркі әлемінің және халықаралық қауымдастықтың айтулы оқиғаларын сараптап ұсынатын “Turkic Weekly” дайджестінің шығарылымын тоқтатпайды; әр апта басында элекстронды сараптамалық апталықтың жаңа нөмірін күтіңіздер.

 


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы