Жаңалықтар

Қызылордада Алаш мұрасына арналған халықаралық конференция өтті

1008

Бүгін Қызылорда қаласында Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) Қызылорда облыстық әкімдігі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірлесе ұйымдастыруымен «Алаш мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.

Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған алқалы жиын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың алғысөзімен ашылды. Сонымен бірге конференцияның ашылу салтанатында TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі құттықтау сөз сөйлеп, «Алаш және Мұстафа Шоқай тағылымы» тақырыбында арнайы баяндама жасады.

Қызылорда1.jpg

Алаш қозғалысының мүшелері мен Алаш қайраткерлерінің мұрасын жандандыруды мақсат еткен келелі жиынға Өзбекстан, Түркиядан келген, сондай-ақ қазақстандық танымал ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, профессор Мұрат Бахтиярұлы, Түркиядағы Гази университетінің профессоры Гүлжанат Ержиласун, Өзбекстан Ғылым академиясы тарих институтының бөлім меңгерушісі, профессор Кахрамон Раджабов тақырыпқа сай мазмұнды баяндамалар жасады. Бұдан бөлек қатысушы ғалымдар Алаш қайраткерлерінің ғылыми және әдеби мұраларын тереңінен зерттеп, жаңаша зерделеу және кеңінен насихаттау туралы ұсыныстарын білдіріп, пайымды пікірлерін ортаға салды.

Айта кету керек, халықаралық шара шеңберінде Қызылорда қаласында түбі бір түркіге ортақ тұғырлы тұлға, көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайға арнап еңселі ескерткіш ашылды.

Шоқай.jpg


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы