Жаңалықтар

Анкарада «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» таныстырылды

1149

Бүгін Анкара қаласындағы Түрік тіл білімі құрылымында Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен шығарған «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты төрттомдық еңбектің түркиялық таныстырылымы болып өтті.

Түркі мемлекеттері Тәуелсіздіктерінің 25 жылдығы құрметіне ЮНЕСКО-ның арнайы бағдарламасы аясында жарық көрген еңбектің тұсаукесеріне Қазақстан мен Түркияның белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың басшылары, көрнекті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алқалы жиынды құттықтау сөзімен ашқан Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих Жоғары құрылымының басшысы Дерия Өрс: «Бүгінгі бай түркі мұрасы бізге жазу арқылы жеткен. Егер ата-бабаларымыз осы тілдерде жазып, қаламмен қағазға түсіріп жеткізбегенде тек ауызша мәліметпен қазіргідей мәдениет, өнер, өркениет және білім деңгейіне жете көтеріле алмас едік», - деді. Ол, сондай-ақ, бүгінде жойылып бара жатқан туыс тілдерді түгендеген еңбектің шығарушыларына зор құрметін жеткізді.

3.jpg

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі салтанатты жиында сөйлеген сөзінде 2011 жылдан бері әлемнің 26 елінен 130 ғалымның қатысуымен жарық көрген ғылыми еңбектің жазылу тарихы жайлы әңгімеледі. Ол сонымен бірге ғылыми ортада Түркі дүниесі үшін маңызды еңбек деп бағаланған төрттомдықтың жариялануына атсалысқан барша зерттеуші ғалымдарға және жоба жетекшілеріне алғыс білдірді.

1.jpg

Сонымен қатар салтанатты рәсімде Түркия Ғылым академиясының президенті Аджар Ахмет Жеват, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз және Түркі тілі құрылымының басшысы Мұстафа Качалин сөз сөйлеп, жойылу қаупіндегі түркі тілдері жайлы пайымды пікірлерін ортаға салды.

Келелі жиын соңында Академия басшысы Д.Қыдырәлі мен төрттомдықтың бас редакторлары - Башкент университетінің профессоры Суер Екер және Хажеттепе университетінің профессоры Үлкү Челик Шавкке Ясауи университеті тарапынан естелік сыйлықтар табысталып, құрмет көрсетілді.

Айта кету керек, «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты төрттомдықтың алғаш таныстырылуын TWESCO 7-ші ақпан күні Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткізген болатын.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы