Жаңалықтар

Академия Астанада «Рухани жаңғырудың өзекті мәселесі: түркі сөздіктері мен тілтанымдық зерттеулер» атты семинар өткізді

827

Бүгін Астана қаласында Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) «Eurasian Book Fair – 2017» халықаралық кітап көрмесі аясында «Рухани жаңғырудың өзекті мәселесі: түркі сөздіктері мен тілтанымдық зерттеулер» атты ғылыми-практикалық семинар өткізді.

Алқалы жиынға белгілі түркітанушы ғалымдар, тілтанушылар, филологтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссия басшылары мен өкілдері қатысты.


Семинарда алғаш болып Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов «Академик Әбдуали Қайдардың тілтанымдық зерттеулерінің құндылығы» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде көрнекті академиктің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, ғылыми еңбектерінің әлемдік түркология ғылымы үшін маңызы жайлы баяндады. Түркі академиясының Ә.Қайдардың мұрасын зерттеу мен насихаттауға қатысты жұмыстары жөнінде де мағлұмат беріп өтті.

Келесі кезекте түркітанушы ғалым Әжібай Керімұлы «Әйгілі түрколог Әмір Нәжіптің түркі сөздігін жасаудағы тұжырымдары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Айта кетерлігі, Ә.Керімұлы TWESCO басып шығарған әйгілі ғалым Әмір Нәжіптің «ХІV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау-Шырын еңбегі негізінде» атты төрт томдық еңбектің ғылыми редакторы.

Бұдан кейін А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек «Ортақ латын әліпбиі - рухани еркіндіктің рәмізі» тақырыбында пайымды пікірлерімен бөлісті. Ол өз баяндамасында латын әліпбиіне өту түбі бір туыс халықтарды жақындастыра түсіп, бір-бірінің әдебиетін еркін оқуға мүмкіндік мүмкіндік беретінін айтты. Ал, белгілі филолог ғалым, профессор Әлімхан Жүнісбек «Латын әліпбиін жаңғыртудың өзекті мәселелері» тақырыбында жасаған баяндамасында латын әліпбиіне оралудың бүгінгі күн тәртібіндегі келелі мәселелері мен механизмдері жөнінде тарқатып әңгімелеп берді.

Академия басшысы Д.Қыдырәлі жүргізіп отырған алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асырудың бірқатар мәселелері айтылды. Қатысушылар сондай-ақ, тілтанымдық зерттеулердің түркі әлемін тұтастырудағы рөлі жөнінде өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.

Сонымен бірге, семинар барысында TWESCO тарапынан әзірленген жаңа ғылыми еңбектердің таныстырылымы өтті. Атап айтқанда, Академия әйгілі түрколог Әмір Нәжіптің «ХІV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау-Шырын еңбегі негізінде» атты 4 томдығын, белгілі академик Әбдуәли Қайдардың «Ұйғыр тілі лексикасының дамуы (тілдік байланыстар мәселесі)» атты ғылыми еңбегін, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың «Көне Түрк жазба ескерткіштері» кітабын, сондай-ақ профессор Әлімхан Жүнісбектің «Түркі ортақ латын әліпбиі» атты монографиясын көпшілікке таныстырды. Оқырманға ой салатын бұл еңбектер тарих, әдебиеттану, түркітану ғылымдары мамандарына, жалпы кітап сүйер қауымға арналған.


Келесі ретте Академия басшысы «Түркология саласындағы жемісті қызметі мен тың зерттеулері және Түркі әлемінің ынтымақтастығына қосқан зор үлесі үшін» бірқатар тұлғаларды марапаттады. Осылайша, түркітанушы ғалымдар Ерден Қажыбек, Әлімхан Жүнісбек пен Әжібай Керімұлы TWESCO Құрмет грамоталарына ие болды.


Айта кету керек, бүгін таныстырылған кітаптар мен Академия әзірлеген өзге басылымдар 18-ші маусымға дейін жалғасатын «Eurasian Book Fair – 2017» кітап көрмесінде ұсынылып отыр.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы