Жаңалықтар

Елбасы туралы кітап Бакуде таныстырылды

1278

Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында Махмұт Қасымбековтің әзербайжан тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітабының таныстырылымы өтті. Салтанатты іс-шара алдағы Қазақстан астанасының 20 жылдығына арналған.

Таныстырылымға Қазақстанның өкілетті делегациясы құрамында кітаптың авторы Қазақстан Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов және тағы басқалар қатысты. Әзербайжан Республикасы Президенті Әкiмшiлiгiнiң басшысы Рамиз Мехтиев кітаптың тұсаукесер рәсімінің қарсаңында қазақстандық делегацияны қабылдады. Делегация мүшелері ұйымдастырылған қабылдауы үшін алғыс айтып, өз тарапынан Әзербайжан Демократиялық Республикасының 100 жылдығымен және Гейдар Әлиевтің 95 жылдығымен құттықтады. Тұсаукесер рәсімі Әзербайжанның жетекші ғылыми және мәдени-білім беру орталықтарының бірі – Гейдар Әлиев орталығында өтті. Ол 2006 жылы әзербайжан халқының ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің идеологиясы мен мемлекет құрылысының философиясын іргелі зерттеу үшін, сонымен бірге әзербайжан тілін, мәдени, ұлттық және рухани құндылықтарын жан-жақты дамыту мақсатында құрылған. Тұсаукесер рәсімінде Әзербайжан Республикасы Президентінің көмекшісі Әли Гасанов, Әзербайжан Республикасы Президенті Әкiмшiлiгi Қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары Таир Сулейманов, Әзербайжан Ғылым академиясының президенті Акиф Ализаде, Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаты Джаваншир Фейзиев, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов, кітап аудармашысы Аида Эйвазова, шетелдік дипломаттар, мәдениет және ғылым өкілдері, сарапшылар, журналистер, студенттер қатысты. Қазақстан көшбасшысы туралы жазыл­ған өмірбаяндық кітап оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. Іс-шара қатысушыларының ортақ пікірі бойынша, кітаптың әзербайжан тіліндегі басылымы екі ел арасындағы рухани-мәдени байланыстардың нығаюына лайықты үлес қосады. Бұл – аталған кітаптың шетел тіліндегі 11 басылымы. Осыған дейін ол ағылшын, неміс, француз, қытай, араб, венгр, түрік, дари, серб, корей тілдерінде басылды. Кітап Гейдар Әлиев орталығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы және Халықаралық Түркі академиясы арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде жарық көріп отыр.



Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Ахмет Биржан Ержиласун
Шығыстанушы 
Түркітанушы