Жаңалықтар

Алматыда бауырлас халықтарды тоғыстырған айтулы шара өтті

241

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған ауқымы кең шара өтті. Университеттің Шығыстану факультетінің қабырғасынан құрылған Әзербайжан тарихы мен мәдениеті орталығының салтанатты ашылу рәсімінен бастау алған іс-шара бауырлас халықтардың таным-тарихынан сыр шертетін мәдени мерекеге ұласты.

Екі ел арасындағы саяси-дипломатиялық тығыз байланысты айтпаған күннің өзінде бауырлас халықтарды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар мен рухани-мәдени сабақтастықтың тамыры тереңде жатыр. Сондықтан болар, қос мемлекеттің достығы мен бірлігін бекемдейтін сан саладағы алыс-беріс пен барыс-келістер легі толастаған емес. Қос тараптың әдебиеті мен мәдениетін бір арнада тоғыстырған бұл басқосу Әзербайжан Демократиялық Республикасының 100 жылдығына және Әзербайжан халқының ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 95 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Іс-шараға Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Али Гасанов, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ғалым Мұтанов, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Әзербайжан – Қазақстан парламент аралық байланыстар жөніндегі жұмыс тобының басшысы Адил Алиев, Әзербайжанның телевидение және радио Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары әрі «Каспи» газетінің бас редакторы Сона Валиева, Халықаралық «Түрксой» ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейнов бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шара шеңберінде өткен танымдық конференцияда  Әзербайжанның тұңғыш президенті Гейдар Әлиевтің өз еліне ғана емес,  түбі бір түркі халықтарының тұтастығы мен бірлігіне сіңірген өлшеусіз үлесі туралы кеңінен айтылды. Көпшілік қауымның назарына Көшбасшының өмірі  мен  қайраткерлік жолын танытатын арнайы фильм ұсынылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен қазақ тіліне аударылған Гейдар Әлиевтің «Еліне жол ашқан» атты еңбегі таныстырылды. Ұлттық университетте жаңадан ашылған Әзербайжанның тарихы мен мәдениеті орталығының тұсауын кескен  Али Гасанов туыстас түркі халықтары арасындағы сабақтастықты қайта жаңғыртқан бұл жоба келешек ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Су жаңа орталықтан Әзербайжан елінің өткені мен бүгініне, тарихы мен мәдениетіне қатысты кез-келген ақпаратты таба аласыз. Гейдар Әлиевтің көптеген құнды құжаттары да дәл осында сақталған. Оған қоса орталық қоры Халықаралық Түркі академиясы сыйға тартқан 100 жаңа кітаппен толықты.  Алдағы уақытта бұл орталық түркітану ғылымының өрісін кеңейтіп, түркі тілдес халықтардың тарихы мен этнографиясын, тілі мен рухани мұрасын зерттеп-зерделейтін келелі ойлар алаңына айналмақ. Айтулы шара сөз құдіреті арқылы әр заманның тынысын өз үніне сай жырлаған Әзербайжан ұлтының ұлы ақыны, драматург Хусейн Жавидтің 135 жылдығына арналған  конференцияға ұласты.  Екі халықтың рухани байланысын жақындата түскен жиында ақынның парасат биігінен көрінген жауһар шығармалары талданып, оның өлеңі мен әлемі туралы орамды ойлар ортаға тасталды. Түрікшілдік идеясын әлемге таратуды бүкіл жан дүниесімен қабылдаған ақынның өміріне қатысты тың деректер айтылды. Тұтас түұран топырағына ортақ толағай тұлғаның еңбектерін талдап, оған баға беру әлі де болашақтағы түркітану ғылымының алда тұрған мақсаты деген Ғалым Мұтанов Жавид жырларын қазақ тіліне аудару ісіне Ұлттық университет ұжымы қолдау танытатынын жеткізді.  – Ғасырлар қойнауында жатқан асыл мұраларды бүгінгі ұрпаққа жеткізу бәріміз үшін абыройлы іс. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бағытта атқарып отырған сындарлы саясаты барша түркі халықтарына  үлгі-өнеге бола алады. Бүгінгі шара осының бір көрінісі, – дейді Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов.



Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы