Мазмұны

Бас редактордың алғысөзі

Қадірлі оқырман!

“GLOBAL-Turk” басылымы екінші жылына қадам басты. Халықаралық журналымыздың әрі қарай да өміршең болатындығына сенім білдіре отырып, назарларыңызға 2015 жылдың алғашқы нөмірлерін ұсынамыз.

Биыл Түркі академиясының халықаралық мәртебесі бекіп, шараларының ауқымы кеңейе түсті. Әлемдік ғылыми мекемелермен және ЮНЕСКО, ИСЕСКО сынды жоғары деңгейлі халықаралық ұйымдармен байланыс орнатылды.

Осы бағыттағы айтулы іс-шараның бірі ретінде, 20-26 қаңтар аралығында Қытайдың жетекші ғылыми мекемелерімен бірге Қазақ хандығының 550-жылдығына орай Академия өткізген жиынды атап өтуге болады.

Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде 15 сәуірде Түркі академиясы халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен және мәртебелі қонақтардың қатысуымен «Қорқыт мұрасы және Түркі әлемі» атты халықаралық шара өткізілді. Осы ретте журналымыздың бұл санын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың аталған алқалы жиындағы құттықтау сөзімен ашып отырмыз.

Түркі елдерінің экономикалық бағыттағы ынтымақтастығы жағынан Шығыс пен Батысты, құрлықтар мен өркениеттерді бір-біріне жалғайтын Ұлы Жібек жолы бойындағы қарт Каспийдің маңызы сан ғасырдан белгілі. Осыған орай, 21 мамыр күні Түркі академиясы халықаралық ұйымы Астана экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасы парламент Мәжілісімен бірігіп «Каспий транзит дәлізі: инфрақұрылымның дамуы және экономикалық әріптестік» тақырыбында арнайы жиын өткізді. Бұл іргелі форумда ұсынылған бірқатар баяндамаларды журналымыздың осы санынан оқи аласыздар.

Аталған елеулі оқиғаларға байланысты, қолыңыздағы “GLOBAL-Turk” журналының біріккен 1-2 санында Түркі әлемінің экономикалық ынтымақтастығы мен ортақ тарихы мәселелеріне айрықша мән беріліп отыр.

Сіздердің ұсыныстарыңызды, ғылыми мақала, пікірлеріңізді күтеміз.

(Жүктеу I - II саны *.pdf)

(Жүктеу III-IV саны *.pdf)

Құрметпен,

Дархан Қыдырәлі,

 Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті,

“GLOBAL-Turk” журналының

бас редакторы



Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы